Гипертиреоз деген не?
Гипертиреоз – қалқанша безінің гармонын әдеттегіге қарағанда көп бөле бастауы. Басқаша айтқанда, гипертиреоз гипотиреозға қарама-қарсы ауру. Қалқанша безі гармондарының төмендеуі ағза жұмысын баяулатса, гипертиреоз кезінде ағза жұмысының қарқыны қатты артады.
Гипертиреоз ауруына шалдықтыратын әрекеттер:
Йодты мөлшерден тыс қолдану;
Гипотиреозды емдеу;
Гипофиз ауруы.
Қалқанша безінің гармондарды шектен тыс көп бөлуі ағзаның барлық жұмысын қарқынды түрде жүргізетіндіктен, жүректен бастап, барлық ағзаға кері әсерін тигізеді.
Гипертиреоздың үш деңгейі бар:
Бастапқы деңгейлі гипертиреоз – қалқанша безінің ауруынан туындайды;
Екінші деңгейлі – түрлі гипофиза патологиясының кесірінен туады;
Үшінші деңгейлі – гипоталамус ауруынан пайда болады.
Науқас адам осының қай деңгейімен ауырса, соған сәйкес ем қолданылады.
Гипертиреоз белгілері:
Жүйке жүйесіндегі өзгерістер: ұйқысыздық, көңіл-күйдің аумалы-төкпелілігі;
Тершеңдік;
Әлсіздік;
Жүректің қатты соғысы;
Дірілдеу, әсіресе, саусақтар қатты дірілдейді;
Көздің күп болып ісіп кетуі, көзді бір орынға қадай алмау;
Арықтау;
Іш өту.
Жоғарыдағы белгілер біліне бастаса, міндетті түрде эндокринолог-дәрігерге қаралу керек. Бұл ауру қатты асқынбаған болса, емделуге болады.
Бүгінде гипертиреозды емдеудің үш түрі бар:
Консервативті емдеу түрі: препараттар көмегімен емдеу;
Радиойодты терапия: радиоактивті йод көмегімен емдеу;
Хирургиялық емдеу: наркоз негізінде операция жасау.
Көбіне бұл ауруға әйел адамдар шалдығады. Ал аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдерді гипертиреоздан емдеу өте қауіпті.
Жоғарыда аталған ем түрлерін қабылдаған соң, қалқанша безінің гармондары қайта қалпына келеді. Кей кездерде, емдеуден кейін, біраз уақыт дәрігердің нұсқауымен қалқанша безі гармондарын реттейтін дәрі қабылдау керек.
Гипертиреоздан өздігінен емделу мүмкін емес, сондықтан тек қана дәрігердің көмегіне жүгініңіз.
Деніңіз сау болсын!